Apple fest

21.09.2014 күні  Ұлттық  Салауатты  тағамтану орталығы  мен С.Ж.Асфендияров  атындағы  ҚазҰМУ  Стоматология  және жалпы медицина факультетінің  студенттері  ҚР Тұңғыш президенті саябағында  Алматы қаласының дәстүрлі «Қала күніне  » орай өткізілген  «Apple fest» атты ауқымды мерекелік іс-шараға қатысты. Президент саябағында  қаламыздың көркіне қызыққан басқа елден келген қонақтар мен қала тұрғындары ағылып  жатты. Бұл күнгі мерекелік шарада кішкентай сәбилер мен ересектердің көңілін көтеретін әртүрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылған. Елбасының былтырғы жолдауында айтылғандай, денсаулық көрсеткіштерін халық арасында ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы төмендетуге қол жеткізуге болатынын назарда ұстап, өз кезегінде   Ұлттық салауатты  тағамтану орталығының мамандары  халық арасында салауатты тамақтану және пайдалы азықтар жөнінде ақысыз кеңестер мен ұсыныстар берді. Сонымен қатар,  ауқатқа тәуелді аурулардың алдын алу, зияндылығы жоғары азықтардан аулақ болуды насихаттап, таныстыру  мақсатында  Ұлттық салауатты тағамтану орталығының басқаруымен университетіміздің  студенттері  болашақ  дәрігер ретінде,  халық арасында өз коммуникативтік дағдылары мен білімдерін шыңдай отырып,  іс-шараға белсенді атсалысты. Ұлттық салауатты тағамтану орталығының Алматы қаласы бойынша  жетекшісі  Айгүл Нағашбекқызының және нутрициология кафедрасының ПОҚ-ы  бастамасымен  халық арасында салауатты тамақтану дағдыларын қалыптастыру бойынша жүргізілген шаралар жоғары дәрежеде өтті деуге әбден болады. Кеңес алуға тілек білдірген бірнеше мыңға жуық балалар, жастар, ата-аналар, ұрпақ өрбіту жасындағы қыз-келіншектер дұрыс тамақтануына арналған Ұлттық салауатты тағамтану орталығының  арнайы үнпарақтар, кітапшалары т.б. коммуникациялық материалдары тегін таратылды. ҚазҰМУ студенттік Үкіметі мен белсенді студенттеріміз жастар мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастыруымен алма, қырыққабат жеуден жарыс, дәнді дақылдарды сұрыптау, картоп аршу және  қырыққабат турау сынды түрлі қызықты ойындар ойнатылып, дұрыс тамақтанудың маңыздылығын дәлелдейтін түрлі сынақтарды тәжірибе жүзінде көрсетті.

Пайдалы кеңестер алуға келген қонақтар сонымен бірге өз салмақтарын анықтап, дене-салмақ индекстерін есептеу арқылы бойларындағы артық салмақтары жөнінде мағлұмат алды. Қонақтар Алматы қаласының әкімшілігі ұйымдастырған ең әсем қаламыз «Алматы қаласының қала күні мерекесінде»  тек мерекелік шараның күәсі болып қана қоймай, өз денсаулықтарына қажетті мәлімет алғаны, барша қонақтардың есінде ерекше әсер қалдырғаны сөзсіз.