«Екі жұлдыз»

16 наурыз күні С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің мәдени іс-шараларды қолдау аясында,тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Екі жұлдыз» вокалдық ретро-ән байқауының 1туры өткізілді. 1турда 60-80 жылдардағы ретро әндер орындалды. Әділқазылар алқасына елімізге танымал өнер майталмандары мен әншілері шақырылды. Атап айтар болсақ, сүйікті әнші қызымыз Алма Аманжолова, Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының аға оқытушысы, доцент, актер Тасболат Омаров т.б өнер адамдары. 1 тур өте жоғары дәрежеде өтті. Қатысушылардың киім кию үлгісі, сахыналық көріністері, өз-өзін ұстау қабілеті өте жоғары дәрежеде болды. Байқауға әр факультеттің, әр кафедраның, әр курстың оқытушылары мен студенттерінен 16 жұп қатысты.

Осындай үлкен сайыста біздің факультетіміздің өнер майталмандары өз бақтарын сынаған болатын. Ортопедиялық стоматология пропедетика модулінің стажер- оқытушы-Сайфуддинқызы Алмагүл және 2 курс студенті-Пазылов Азаматтың жұбы, ортопедиялық стоматология модулінің лаборанты- Балгожина Динара мен 1 курс студенті-Бөріхан Ерболат жұбы қатысты. Біз де жұдырықтай жұмылып, өз факультетіміздің еңсесін көтеру мақсатымен, декан орынбасары- Құсмолдаева Жазира Нұрасылқызының бастауымен осы сайысқа келдік. Үнемі өзінің еңбекқорлығымен ерекшеленетін біздің факультетіміз осы сайыста да басқа қатысушылардан өзгеше өнерімен, яғни бейне-клипімен көзге түсті. Бұл бейне-клип әділқазылардың көңілінен шықты. Стоматология факультетінің жанкүйерлер саны шамамен 100-ге жуық болды. Қатысушылардың қобалжуы біздерге, яғни жанкүйерлерге де әсер етті. Бар пейілімізбен, ынтамызбен осы екі жұпқа сәттілік тілеп отырдық. Сайыста қатысушыларымыз жаман нәтиже көрсетпеді. Ең үздік, ең жоғары ұпай жинады.

Алдағы сайыстарда қатысушыларға жақсы өнер көрсетіп, биіктерден көрінулеріне тілектеспіз!