Кафедраның тарихы

Физика кафедрасы институттың алғашқы 10 кафедраларының бірі ретінде 1931 жылы 25 қарашада құрылған. Кафедраның ұйымдастырылуы кезеңінде онда 4 адам болды (кафедра меңгерушісі, 2 оқытушы, 1 зертханашы). 1931-1932 жылдары физика кафедрасында дәрістер оқылып, зертханалық жұмыстар жүргізілген, ол кезде кафедра ҚазПИ-дің ғимаратында орналасқан болатын. 1938 жылдан педиатрия факультетінің ашылуына байланысты кафедра штаты 7 адамнан құралды. Соғыстан кейінгі жылдары кафедра 3 факультеттің: емдеу, педиатрия және санитарлық-гигиеналық студенттерімен оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізді, қызметкерлер саны 9 адамға жетті (кафедра меңгерушісі, 3 аға оқытушы, 3 оқытушы, 2 зертханашы).
50-ші жылдардың екінші жартысында оқытудың сырттай және кешкі формаларының ұйымдастырылуымен, сонымен қатар фармацевтика мен стоматология факультеттерінің ашылуымен кафедрадағы оқу үрдісі көпсалалы болып қалыптасты. 1966 жылы кафедрада спектрлік зертхана құрылды, бұл кафедра қызметкерлеріне оқыту жұмысымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізуге мүмкіндік берді. Ғылыми жұмыстың негізгі тақырыбы: «Биологиялық ұлпалардағы микроэлементтердің құрамын анықтау» болды. Осы мезгілде кафедрада тек физика кафедрасының ғана емес, институттың басқа кафедраларының да құралдарын жөндеуге арналған механикалық шеберхана құрылды.
1975 жылы кафедрада жаңа оқыту бағдарламасы игерілді, оған міндетті зертханалық сабақтары бар, емдеу және педиатрия факультеттерінің 2-курс студенттеріне арналған «Медициналық электроника», «Медициналық кибернетика» және стоматология факультетіне арналған материал тану негіздері пәндері енгізілді. Кафедра ұжымының күшімен оқытушылар мен студенттерге арналған қажетті әдістемелік құралдар жасалынды.
1991 жылы кафедрада мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына сәйкес жаңа «Информатика» пәні барлық мамандықтар үшін енгізілді. Кафедра ұжымының күшімен оқытушылар мен студенттерге арналған қажетті әдістемелік құралдар жасалынды.
1999 жылы кафедра емдеу және бала емдеу факультетінің 1 курс студенттері үшін жалпыға білім беру стандартына сәйкес жаңа «Математика» пәні енгізілді. Кафедра аты «Медициналық биофизика, информатика және математика» болып өзгертілді.
ҚазҰМУ Ректорының 15.06.2012ж., №8 бұйрығы бойынша медициналық биофизика, информатика және математикалық статистика кафедрасы екі модульге бөлінді: «Информатика» модулі және «Медициналық биофизика және математикалық статистика модулі».
21.09.2016ж №5461 л/с бұйрығымен «Информатика» модулі және «Биофизика» курсы біріктіріліп «Биофизика курсымен Информатика кафедрасы» құрылды.

Кафедра меңгерушісі

Ажибекова Жанар Жұбандыққызы

1970 жылы туылған, ұлты қазақ.
1988-1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің физика факультетінің «Физика» мамандығын бітіріп, «Физик. Физика пәнінің оқытушысы» біліктілігін алған.
1993-1995 жылы Алматы автокөлік институтының физика кафедрасында ассистент болып жұмыс істеді.
1995 жылдың қыркүйек айынан бастап С.Д. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтының физика кафедрасының аға лаборанты, 1995 жылдың қараша айынан бастап оқытушысы, 2000 жылдан медициналық биофизика, информатика және математика кафедрасының аға оқытушысы, 2003 жылдан кафедра доценті.
09.10.2003 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің Диссертациялық Кеңесінде ғылыми жұмысын педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін «Методика изучения способов представления информации в курсе информатики в медицинских вузах» тақырыбында қорғап шықты.
Зерттеу жұмысының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 3-оқу құралы, 50-ден астам ғылыми мақалалар және 5-электронды оқулықтары жарық көрді. Ғылыми жұмыстар конкурсына қатысқан студенттері жоғары жетістікке қол жеткізіп, жүлдегер атанғаны үшін доцент Ажибекова Ж.Ж. мадақтау қағаздарымен марапатталды.
2012 жылдан бастап информатика модулінің жетекшісі, 2016 жылы «Биофизика курсымен информатика» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда.