Профилактикалық қарау және ауыз қуысының гигиенасы сабағы

16.10.2014 күні Терапиялық стоматология кафедрасының оқытушылары: доцент, м.ғ.к. Сағатбаева А.Д. және м.ғ.к. Смагулова Е.Н. өздерінің 4 курс ст11-001-2к және ст11-007-1о топ студенттерімен бірге “Жақия” қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастырылуымен профилактикалық қарау және ауыз қуысының гигиенасы сабағын жүргізу мақсатында Алматы облысы, Талғар қаласы, “НҰР” отбасылық балалар үйіне барды. Студенттер мен оқытушыларды балалар үйінің анасы Ескожина Тұяқ Қазкенқызы құшақ жая қарсы алды. Кездесу интерактивті түрде өтті. Алдыменен студенттер балалармен танысып, оларға тістер және гигиена жайлы сұрақтар қойып, викторина жүргізді. Сұрақтардан кейін балаларға “Жақия” қоғамдық қайырымдылық қорының дайындаған “Тістерді қалай дұрыс тазалау” атты арнайы бейнеролигі көрсетілді. Бейнероликтан кейін балалар арнайы макеттерде тістерді қалай дұрыс тазалау керек екенін өздері көрсетіп, осылайша, студенттер мен балалар арасында кері байланыс жүргізілді. Одан кейін кафедра бағдарламасы бойынша, балалардың ауыз қуысын профилактикалық тексеру жүргізілді. Тексеруді стоматология факультетінің 4 курс ст11-001-2к және ст11-007-1о топ студенттері жүргізді. Ал тексерудің ретін кафедра оқытушылары: Сағатбаева А.Д. және Смагулова Е.Н. қадағалады. Медициналық картаға тексерілген балалардың мәліметтері жазылып, диагноздар қойылды. Кездесу соңында “Жақия” қоғамдық қайырымдылық қорының бағдарламалар координаторы Жадыра Сабирова балаларға тіс пасталары мен тіс щеткаларын сыйлады. Балалар өте риза болды, ал келген қонақтар қуанышты әсер алды. Гигиена сабағынан кейін “НҰР” отбасылық балалар үйінің директоры Ескожина Т.Қ. еркін волонтерларға және оқытушыларға алғысын айтып, ілтипатпен жолға шығарып салды. Қонақжайлық пен жақсы қарым-қатынас үшін көп рахмет, “НҰР”!