Д. А. Қонаевтің 105-жылдығына арналған іс-шара

2017 жылдың 23 қаңтар күні стоматология факультеті, Этикалық кеңес пен Қоғамдық денсаулық сақтау факультеті ұйымдастыруымен Д. А. Қонаевтің 105-жылдығына арналған «Қонаев оқулары» өтті. Студенттік үкімет мүшелері Д. А. Қонаев туралы қызықты презентация жасап, видеороликтер көрсетті. Стоматология факультетінің 1-2 курс студенттері Димаш ағасына арналған өз өлеңдерін оқыды. Бірнеше күн бұрын студенттер Д. Қонаев музейіне экскурсияға барып, ұлы тұлғаның жұмыс орнымен, кітаптарімен, қару жинағын өз көздерімен көріп, көптеген қызықты мәліметтерді біліп келген еді. Студенттер осы шарада Д. Қонаев ағамыздың өмірімен және оның өз еліне қосқан үлесімен таныс болды.

Стоматология факультетінің әлеуметтік-тәрбие жөніндегі декан орынбасары Жексембиева Анида Даниярқызы Дінмұхамед Қонаевтің терең білімділігі, көпқырлығы жөнінде әңгімелеп берді. Ректордың кеңесшісі, Этикалық кеңесінің төрайымы Мустафина Жанар Габиденовна жастарды кітаптарды көбірек оқу, қазақ халқының ұлы тұлғалары жөніндегі білімдерін кеңейтуге шақырды. Кеш барысында Ортопедиялық стоматология кафедрасының профессоры, Кулманбетов Исатай Азімұлы, Балалар жасындағы стоматология кафедрасының профессоры Супиев Турган Курбанович, доцент Бегимбетова К.А. және стоматология факультетінің деканы Амантаев Баканай Амантайұлы Д.Қонаев туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаевтың негізгі ерекшеліктерінің бірі- халқына деген сүйіспеншілігі болды. Қазақ халқы өзінің ұлы дара тұлғасын есіне мәңгі сақтайды.