Студенттік Үкіметтің экс-төрағасымен сұхбат

Университетіміздің стоматология факультетінің 6-шы курс студенті, Студенттік Үкіметтің экс-төрағасы Бөріхан Ерболатпен 04.11 күні сұхбат жүргізген болатынбыз.

Бөріхан Ерболат 1994 жылы қараша айының 5-і күні ОҚО, Жетісай қаласы, Мақтарал ауданы, Мырзакент қалашығында дүниеге келген. Қазіргі кезде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің стоматология факультетінде 6-шы курс студенті. Факультетіміздің белсенді студенті, 2011 жылы 1 курс студенті бола тұрып, факультет атынан көптеген іс-шараларға қатысып, ән айтқан. 2014 жылы С.Ж.Асфендияров шәкіртақысын жеңіп алды. 2015-2016 жж. аралығында ҚазҰМУ студенттік үкіметінің төрағасы қызметін атқарды. ЕКАС-ң жастар қанатының төрағасы, беделді дебатер.

— Сәлеметсізбе. Қош келдіңіз. Алдағы туған күніңізбен құттықтаймын.

— Сәлеметсізбе. Үлкен рахмет.

— Көңіл күйіңіз қалай?

— Керемет!

— Сізді көбісі университетіміздің белсенді студенті ретінде, үкімет басшысы ретінде таниды. Ал сіздің жеке өміріңіз жайында, отбасыңыз жөнінде біреу білсе, біреу білмейді. Бізге қысқаша отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.

— Отбасым жөнінде айтсам, ата-анам, өзімнен үлкен 4 ағам бар, 4 жеңгем, олардың ұл-қыздарымен бірге тұрамыз. Мен үйімнің кенжесімен. Интернатурада, стоматология факультетінде оқып жатырмын.

— Сізге стоматология мамандығын таңдауға не себеп болды? Кімнің я болмаса ненің ықпалы тиді?

— Бағыт-бағдар бергендер болды, әрине. Бірақ осы бағытқа бар деп ешкім айтқан емес. Өйткені үйде әкем де ағаларым да әскери адамдар. Әулетте дәрігер деген болмаған. Мен үкіметтік емес жұмыстармен айналысқым келді. Яғни, өз жеке клиникам болса дедім. Сол үшін осы мамандыққа келдім. Басында қатты қызығушылығым болмады, дегенмен уақыт өте, практикада көргенсон мамандығыма қызығушылық болды. Қазір мамандығымды мақтан тұтамын.

— Университет өмірі сіз үшін несімен қызықты? Несімен маңызды болды?

— Университетке келгенде адамға дұрыс сөйлеуді, дұрыс жүруді үйретеді. Мен басында «ұлтшыл» мен «ұлтжанды» ұғымын шатастырып, қате түсініппін, яғни, қазақ тілінен басқа тілді білудің қажеті жоқ деп ойладым. Уақыт өте,көп адамдармен араласқансоң ғана түсіндім, ол екі ұғым жөнінде қате пікірде екенімді. Осы университетке келіп көп тілді білу керектігін, орыс тілін, ағылшын тілін білу маңызды екенін ұғындым.

— Белсенді студент атануға, үкімет басшысы болуға қалай келдіңіз? Қандай себеп болды? Неден басталды?

— Ең бірінші, 1-ші курсымда жатақхананың старостасы болып бастадым. Содан кейін жатақхана төрағасы болып сайландым. 3-ші курсыма өтер кезде факультетіміздің студенттік үкіметінің басшысы болдым. Сол оқу жылы аяқталған кезде университетіміздің студенттің үкіметінің төрағасы болып сайландым. Университетіміздегі ең ұзақ студенттік үкіметтің төрағасы болып, 2 жыл 8 ай қызмет атқардым. Медицинада оқығаннан кейін барлығын қатар алып жүру қиын болды. Бірақ белсенді студент барлығына үлгеру керек деген ұранды ұстандым.

— Осы 6 жыл уақытыңызда өзіңіздің атқарған, сіздің басшылығыңызбен болған іс-шаралар туралы айтып бере аласыз ба?

— Ең бірінші 2011 жылы Асанов Бақытжан деген бауырыммен факультет аралық дебат турнирінің чемпионы болдық. Содан бастап біздің белсенді өміріміз басталды. Кейін өзіміз дебат ойындарын 4 мәрте ұйымдастырдық. Жастарды дайындап, қала деңгейіне шығуға өз үлесімізді қостық. Екіншіден қала деңгейінде ұйымдастырылған «Бір тамшы нәр» қайырымдылық концерті. Бізді қолдаған факультетіміздің деканы Бақанай Амантайұлыны алғысым шексіз. Басы-қасында өзі жүріп, көмегін тигізді. «Бір тамшы нәр» қайырымдылық қозғалысының авторы өзім болатынмын. Осыдан кейінде біз 4 мәрте өткіздік. Содан кейін тағыда қайырымдылық мақсатында «Дағдарысты жарқын күлкімен қарсы алайық» атты практикалық – қарап, тексеруге арналған жоба. Оған да факультетіміздің деканының қолдауы зор. Универиттерді, факультеттерді аралап, тегін ауыз қуысын тексердік, профилактика жасадық. Бұл жобамыз «Алматы қаласының 1000 жылдығына» арналады. Соның арқасында студенттеріміз көп нәрсені үйренді, оларға үлкен практикалық жағынан көмек болды. Содан кейін қол жеткізген жетістігім университет шәкіртақысы. Университетіміздің 12000 студентінен 2 ғана студентке бұйырды. Соның бірімін.

— Адамдарды қалай бағалайсыз?

— Менің ойымша адамдарды ой-өрісіне қарай бағалаған жөн секілді. Себебі, қандай жағдай болмасын ой-өрісі жоғары, кең адамдармен кез-келген тақырыпта сөйлесе аласың, және ол сені түсініп, тыңдай алады, сенде оны тыңдай аласың. Мен жан-жақты болғанды ұнатамын, барлғынан хабардар болғым келеді. Ал ой-өрісі тар адамдар бір нәрсем ғана шектеліп қалады, ізденісі болмайды. Сондықтан ондай адамдармен тіл табысуым қиынырақ. Барлық жағдайда да адамға ең бірінші ой-өрісі керек деп санаймын.

— Рахмет сізге, алда биік белестерден көрінуге тілектеспін. Ісіңізге жеміс тілеймін.

— Сіздерге де рахмет. Айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасушы : стоматология факультетінің ақпараттық және қоғамдық істер секторы

Әлжекесова Бибігүл